Мақыш  Қалтаев (1869-1916)

 

М.Қалтаев Ақмола-Қараөткел маңында дүниеге келіп, өз елінде қайтыс болған ағартушы ақын. Жасынан ескіше оқып, әдеби жетілген, молда, ғұлама болған. Меккеге барып қайтқан діндар адам болды. Сауатты ақын Ақмола, Солтүстік Қазақстан, Көкшетау облыстарында, Троицкі жағында біраз бала оқытып, молдалық құрған. Семей, Жетісу өңірін аралап, тұрмыс-тіршілігімен жан-жақты танысады. Халық ахуалын көзімен көріп, көп жайды көңіліне тоқиды. Сапар барысында дүниетанымы кеңейіп, ақындық ой-өрісі жоғарылайды.

Ескі білімді оқып-тоқыған Мақыш Қалтаев дін фанатизміне беріліп, бой алдырмайды, молдалардың әдеттегі кәсібін істемейді. Керісінше халық ағарту қызметіне көбірек көңіл бөледі. 1907 жылдан бастап, молдалықтан қол үзіп, жазушылықпен айналысады, кітаптар жазып, бастырады.

ХХ ғасыр басындағы қазақ әдебиетінде Мақыш ақындай көп кітап жазған кісі жоқ десек те болады. Ол өз жанынан 6 кітап жазған, татар тілінен 4 кітап аударған, барлығы үлкенді-кішілі 10 кітап шығарып, көп еңбек сіңірген, мол қазына қалдырған ақын.

М.Қалтаевтың өзінің төл кітаптары: "Насихат Қазақия" (1907), "Қалтайұлының қазақ ахуалын бәйіт еткен мәнзұмасы" (1909), "Мәшһүр Қалтаев" (1910), "Қазақтың айнасы" (1910), "Тура жол" (1912), "Бар оқиға" (1913). Ал татар тілінен аударған кітаптары төмендегідей: "Бұлбұл құс" І бөлім (1910), "Бұлбұл құс" ІІ бөлім (1911), "Ж.Каримовтың "Айна" (1913), Ғ.Рашидовтың "Сақ-сұқ" (1913) деп аталды. Мақыш еңбекқор ақын. Ол Шығыстың бұрынғы ауызша, жазбаша дәстүрінде өлең-жыр, дастан-қисса, назым-мысал, назира үлгісінде өлең жазған. Өз шығармаларында кітаби, халықтық сөздерді, сөз тіркестерін өте көп және орынды пайдалана білген, сөйтіп қазақ халқының өлең мәдениетін игере білді.

Ақын өлең-жыр, қисса-дастандармен қатар біршама мақалалар да жазды. Журналистикамен айналысып, қолдан жазып, "Тұрмыс" атты қолжазба журнал шығарған. Оның мағыналы, өте көлемді мақалалары "Қазақ әйелінің бас бостандығы", "Қазақ тілінде газет шығарудың керектігі" деп аталып, өз заманының өзекті проблемаларын көтерді.

М.Қалтаев - молда ақын. Оның дүние, қоғам тануы, көзқарасы көбіне діни, шариғатша болып жатады. Бірақ жүрегі елім дейтін - ұлтжанды.

Жалпы алғанда Мақыштың ізгілік, ағартушылық, демократтық пікірі басым болып келді. Қазақ халқының төңкерістен бұрынғы молда, ақын-жазушыларынан қазақ өмірінің бірталай мәселелерін қозғаған, реалистік бағытқа көтерілген, сыншыл реализмге жақын келген бірден-бір ақыны. Ол  өзінің соңғы кітабын "Бар оқиға" деп атады. Дүниеде, тұрмыста, елімізде, қазақ арасында бар болған, болып жатқан оқиғаларды өзі көзімен көрген, іздестіріп білген, көңіліме түйген жайларды жаздым:

                        Жоқты айтпаймын, айтамын барды көріп,

                        Көп көрдім жүргенімде елді кезіп,-

дейді. Осы ретпен Мақыш қазақтың әлеуметтік хал-жайын, шаруашылық, мәдени-тұрмысын, әдет-ғұрпын көп сөз етеді. Келесі бір үлкен кітабы "Қалтайұлының қазақ ахуалын бәйіт еткен мәнзумасы"-да қазақтың хал-жайын баян еткен өлең-жырлардан құралды. Бұл өлеңдерде автор қазақ халқының өмірін таңырқап, қызықтап, дәріптеп баяндамайды. Көбінесе сын көзімен қарап, қоғамның даму тұрғысынан мінеп-шінеп баяндайды. Кейбір ескілікті, кертартпалықты сынайды және жақсыны, жаңаны құптайды. Өзінің халі нашар болса да, қараңғылықты қармалап жүрсе де қазақты сынау, шындықты, әділетті мақсат еткен ақын:

                        Айнадай көрсетемін жұрттың мінін,

                        Қорқып ішке жимаймын сөздің шынын.

                        Жақын, алыс, дос, дұшпан бәрін бірдей

                       Сөйлеймін жалтақтамай хақтың сөзін,-

 дейді. Қысқасы ақын өз кезіндегі қазақ халқының халін, кенже қалып, қорлық көріп отырғанын, надандығын, ілгері ұмтылу, прогреске жету қажет екендігін сезінді, сөйтіп сол ақиқатты дәл бейнелеуге әрекет жасады.

Мақыш мұралары ғылым-білімнің, өнеркәсіптің, байлық-дәулеттің, мәдениетттің халық үшін қажеттігін, пайдасын ұғады, олардың ілгері дамуын көздейді. Сол себептен де жұртты оқуға, орысша оқуға, мәдениетке, өнер, ғылым, кәсіп үйренуге, отанның өркендеуі жолында қызмет етуге үндейді.

Осы тұрғыдан қарап ақын қазақтың үйлену, ауру-сырқауды емдеу жөніндегі зиянды әдет-ғұрыптарын сынайды, жалқаулық, мансапқорлық, даукестік, партиягершілік сияқты жаман, кертартпа қылықтарды аяусыз шенейді. Халықтың осы мінін кемшілігін Мақыш бір ретте дін негізінде, жалпы ізгілік жөнімен, низам жолымен түзеуге болар еді дейді. Енді бір ретте әйтеуір қазақ өмірінің жаңғыруын шын көңілмен көксейді.

Әсіресе соңғы өлеңдерінде еліміздегі қалыптың өзгеріп қазақ тұрмысының жаңаратынына сенеді, соны арман етеді. 1913 жылы шыққан кітабындағы ("Бар оқиға") бір өлеңінде былай дейді:

                       Кетер боран, аяз бен жел, суық та,

                       Жауып жаңбыр, жері көктер жуықта.

                       Жасыл мақпал кілем болар қара жер,

                       Болармын мен көрде ол уақытта.

                       Тек мен жатармын топыраққа былғанып.

Қорыта келгенде, өз дәуірінде өшпес із қалдырған ақынның басты арманы орындалып, ізгілік нұры шапақ шаша бастады. Өзі де әдебиет тарихының төрінен орын алды.

Құнды сөз құнарлы ойдан туады.

Л.Н.Толстой.